Жоғары талап деңгейінде өтті

Ұлттық бірыңғай тестілеу

Биыл республика бойынша 144 мың оқушы мектеп бітірді. Солардың 117 мыңы 1-5 маусым аралығында өздерінің бақтарын сынап, Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты. Түрлі бұқаралық ақпарат құралдарында жазылып жатқандай, ҰБТ-ға қатысты, оны ұйымдастыру шараларына байланысты түлектердің ата-аналары тарапынан айтылып жатқан өкпе-наз, реніштер де жоқ емес. Біз Қазақстандағы техникалық жоғары оқу орындарының қара шаңырағы саналатын Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетінің ректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор Жексенбек Мәкейұлы Әділовтен осы мәселеге қатысты өзінің ойын бөліскенді қалаған едік.

Мектеп түлектерінің әрқайсысының Ұлттық бірыңғай тест сынақтарынан ойдағыдай өтіп, студенттер қатарынан көрінуін ең алдымен ата-анасы үміттене қолдайды ғой. Бәріміз де кезінде студент болдық. Мұндай қуанышты бастан өткердік, - деді ҚазҰТУ ректоры Ж.Әділев - Ол кезде, әрине, қазіргідей емес, мемлекеттік сынақ емтиханын тапсырып барып, тиісті бағамен балл жинап, студент атандық. Бүгінде ҰБТ-ны қолдайтындар да, қолдамайтындар да баршылық. Мектеп бітіруші түлектердің ҰБТ өткізетін базасына айналып отырған Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ бұл іске зор жауапкершілікпен әрі үлкен дайындықпен келді. Маусымның 1-і күні бізде Алматы қаласы Жетісу ауданы мектептерінің және Б.Момышұлы атындағы Республикалық әскери мектептің түлектері, барлығы 975 оқушы тест тапсырды. Университеттің бас оқу корпусында өткізілген тест кезінде Алматы қаласы ҰҚҚ департаментінің қызметкерлері сынаққа түлектердің өздерімен қалта телефондарын және басқа да қондырғыларды бірге алып кірмеуіне бақылау орнатты. Алдын ала белгіленген аудиторияларға сынақ тапсырушылардың орындарға дұрыс жайғастырылуы қадағаланды. Тыныштық, тәртіп пен тазалық сақтау мәселесі жоғары талап деңгейінде болды. Сынақ тапсырушылар арнайы құтыларға құйылған ауыз сумен жеткілікті қамтамасыз етілді. Тестің өткізілу барысын бақылау үшін ата-аналар тарапынан ішке өкілдер жіберілді. Бірақ олар өз балалары тапсырып жатқан аудиторияларға кіргізілген жоқ.

Тест тапсырушыларға бөлінген уақыт 3 сағат. Тестің тапсырмалары мен жауаптарының мазмұнына қатысты апеляциялық өтініштер толтыруға қосымша 10 минут берілді. Мұндай өтініштер саны 87 болды. Осының салдарынан да дұрыс жауаптардың кодтарын беруге байланысты уақыттың біршама ұзап кеткені болмаса, сайып келгенде ҰБТ-ны өткізуге және оны ұйымдастыруға қатысты бірде-бір ата-анадан шағым-наразылық түскен жоқ. Барлық өтініштер электрондық поштамен Астанадағы тиісті мекемеге дәл мерзімінде жөнелтілді.

Тест кезінде тәртіп бұзған өрескел кемшіліктер болған жоқ. Екі сынақ тапсырушыдан «шпаргалкалар» тартып алынды. Алайда оларда мөлшерленген дұрыс жауаптардың кодтары кездеспегендіктен, мемлекеттік комиссияның шешімі бойынша тест тапсыруына рұқсат берілді. Қалта телефонымен құрықталғаны үшін ғана бір түлек сынақ тапсырудан аластатылды және оның тест жауаптары жарамсыз деп табылды.

Тесті толық тапсырып біткеннен кейін ҰБТ-ны өткізудің талаптарына сәйкес дұрыс жауаптардың кодтары сол күні кешкі 21.45-те, емтихан тапсырушылардың тізімдері (апеляцияға өтініш бергендер есепке алынбағанда) сағат 22.00-де ілінді.

Келесі күні техникалық себептерге байланысты апеляцияға 190 адамнан өтініш түсті. Бұл өтініштер заңды түрде қаралып, осы таяу күндері олардың иелеріне жауап берілетін болады. Толықтай алғанда университетіміздің базасында өткен осынау үлкен шараға қатысты біздің тарапымызға ата-аналардан, түлектерден, Алматы қаласының әкімдігінен және ҚР Білім және ғылым министрлігінің өкілдерінен ешқандай шағым түскен жоқ.

Марат Әбдіхалық,
журналист

(«Президент және Халық» газеті, 6 маусым, 2008 жыл)

Вы 22531540-й посетитель.
Powered by Drupal
Copyright © KazNRTU, 2007-2016